Жаңа 2026-2027 оқу жылының қарсаңында дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі өтті.
Биылғы кеңес «Жаңа Конституция құндылықтары және сапалы білім: адами капиталды дамытудың жаңа бағыттары» тақырыбымен ұйымдастырылып, білім саласының өткен оқу жылындағы жұмыстары қорытындыланып, алдағы негізгі бағыттар айқындалды.
Кеңес барысында аудан әкімі Ернар Есіркепов ауданымыздағы білім сапасын арттыру, мектептердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналар институтын дамыту, білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту, педагог мәртебесін көтеру сияқты маңызды мәселелерге тоқталып, ата-аналар мен қоғамның бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.
Биыл ауданымыздың түлектері ҰБТ-да орташа 79,5 балл жинап, 42 оқушы «Алтын белгі», 61 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 500-ге жуық оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарға ие болып, ауданымыздың мерейін өсірді. Бұл – ұстаздар еңбегінің және шәкірттердің талпынысының айқын нәтижесі.