Газ саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді.

Газ саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді.

Газ саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде елімізде дәстүрлі түрде Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні аталып өтеді. Осыған орай Қаратөбе аудандық әкімдігінің мәжіліс залында мерекелік жиын ұйымдастырылды. Шараға аудандық «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның БҚӨФ Қаратөбе аудандық газ учаскесінің қызметкерлері мен сала ардагерлері қатысты.
Мерекелік жиынды аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құттықтау сөзбен ашып, ауданымыздың экономикалық дамуы мен халық тұрмысының жақсаруына сүбелі үлес қосып отырған газ саласы өкілдеріне алғысын жеткізіп, ұжым қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
– Баршаңызды кәсіби мерекелеріңіз – Мұнай-газ саласы қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мұнай-газ саласы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, өндірістік әлеуетінің артуына және халықтың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосып келе жатқан стратегиялық маңызы зор сала.
Бұл салада еңбек ету – үлкен жауапкершілікті, кәсіби біліктілікті, табандылық пен жоғары еңбек тәртібін талап етеді. Сіздердің күнделікті атқарып жүрген қажырлы еңбектеріңіз ауданымыздың ғана емес, тұтас өңіріміздің дамуына өз үлесін қосуда.
Сіздердің еңбектеріңіз тек өндірістік көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Ауданымыздың әлеуметтік дамуына, елді мекендердің көркеюіне, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына көрсетіп отырған қолдауларыңыздың да маңызы зор.
Осы ретте сала ардагерлеріне – жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен өнегелі еңбегі үшін, ал бүгінгі қызметкерлерге – жауапты жұмыстарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді аудан басшысы Қадыржан Орынбасарұлы өз сөзінде.
Жиын барысында бірқатар қызметкерлер «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БҚӨФ директоры Б.Омаровтың, аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Меңдешов та сөз сөйлеп, сала қызметкерлерін мерейлі мерекелерімен құттықтады.
«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БҚӨФ Қаратөбе аудандық газ учаскесінің мастері Армат Көбешов әріптестерін мерекелерімен құттықтап, газ саласының ардагері, салада ұзақ жыл еңбек еткен Ибатолла Темировты алғыс хатпен марапаттап, иығына шапан жапты.
Шараға қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен естелік суретке түсіп, бір-біріне ақ тілектерін арнап тарқасты.