Алғашқы қоңырау соғылды
1 қыркүйек – Білім күніне орай Мұхит атындағы ЖОББМ-де салтанатты шара оздырылды.
Білім күніне арналған «Қазақстан Республикасы Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбында өткен жиынға «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Абат Зейнуллин, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Іңкәр Есказиева қатысты.
Салтанатты шарада алғашқы сөз алған Мұхит атындағы ЖОББМ-нің директоры Мәди Қайырғалиев:
– Құрметті ұстаздар, ардақты ата-аналар, қадірлі қонақтар және қымбатты оқушылар баршаңызды бүгінгі ерекше мереке – 1 қыркүйек, Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын.
Халқымызда «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген жақсы сөз бар. Бүгін – сол білім жолына жасалған жаңа қадамның, жаңа мақсаттар мен жаңа үміттердің бастау алар күні.
Биыл мектебіміз жаңа оқу жылын 633 оқушымен бастап отыр. Соның ішінде 92 бүлдіршініміз алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қадам басқалы тұр.
Қымбатты бүлдіршіндер, бүгін сендер үшін өмір бойы есте қалатын ерекше күн. Алғашқы қоңырау, алғашқы ұстаз, алғашқы парта, алғашқы достар – мұның бәрі сендердің мектептегі үлкен сапарларыңның бастауы.
Қадамдарың құтты болсын! Мектепке деген алғашқы қуаныштарың он бір жыл бойы білімге деген құштарлыққа ұлассын.
Ал бүгінгі күннің тағы бір ерекше иелері – 11-сынып оқушылары. Сіздер үшін бұл – мектеп қабырғасындағы соңғы алғашқы қоңырау. Алдарыңызда жауапты да маңызды жыл тұр. Биылғы оқу жылында 11 сыныпқа 45 оқушы қадам басып отыр. Оның ішінде 3-еуі «Алтын белгіге», 2-еуі «Үздік аттестатқа» үміткер оқушыларымыздың болуы – мектебіміз үшін үлкен мақтаныш әрі зор сенім.
«Талаптыға нұр жауар» дейді халқымыз. Сол талаптарыңыз талмас қанат болып, биылғы оқу жылын үлкен жетістіктермен аяқтап, таңдаған мамандықтарыңызға түсіп, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңыздың үмітін ақтаңыздар, - деді.
Кезегінде сөз сөйлеген «Әділет» партиясы аудандық филиалының төрағасы Абат Зейнуллин ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
Салтанатты жиында аталмыш мектептің табалдырығын алғаш аттағалы тұрған бүлдіршіндерге «Әліппе» оқулығы табысталды. Бүлдіршіндер өз кезегінде сазды сәлемдерін жолдады.
Алғашқы қоңырау соғу сәтіне жас түлек, «Алтын белгі» үміткері Жақия Құбай мен мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған Айару Сағынғали шақырылды.
Салтанатты жиыннан соң барлық сыныптарда тәрбие сағаттары оздырылды.
1 қыркүйек – Білім күніне орай Мұхит атындағы ЖОББМ-де салтанатты шара оздырылды.