1 қыркүйек – Білім күніне орай «Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы» КММ-де "Қазақстан Республикасы Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі" тақырыбында салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға аудан әкімі Қадыржан Орынбасарұлы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Берікжан Ғарапшаұлы, мектеп ұстаздары, оқушылар мен ата-аналар қатысты.
Жиында сөз алған аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев мектеп мұғалімдерін, оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
– Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар және ата-аналар!
Осы айтулы күні барша ата-аналарды, ардақты ұстаздарды, аяулы оқушыларды және қадірлі қонақтарды 1 қыркүйек – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы 2026-2027 оқу жылын аудан бойынша 2583 оқушы бастағалы отыр, 1- сыныпқа 277 оқушы қабылданды. Сәуле елді мекеніне жаңа мектеп ғимараты салынып, Жақсыбай негізгі орта мектебі падалануға берілді.
Өткен оқу жылында жалпы орта білім беретін мектепті 156 оқушы аяқтаса, оның ішінде 40 мектеп түлегі жоғарғы оқу орнының (ЖОО) грантын иеленді. Ең жоғары 133 балды Қаратөбе мектеп- гимназиясының түлегі Оңғар Гүлсезім Аманжолқызы жинады.
2026 жылдың жазғы кезеңінде 18 мектеп жанындағы және 2 қала сыртындағы демалыс орталықтары жұмыс жасады.
Мектеп жанындағы демалыс орталықтарында 1-10 сыныптағы 2374 оқушы, «Балалар шығармашылығы үйі» жанындағы Шалқар көлі жағасындағы «Балдаурен» білім беру-сауықтыру орталығында 147 бала, Аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығына қарасты «Жасыл желкен» демалыс орталығында 300 оқушы демалды. Бұл 1- 10 сынып оқушыларының 100% -ы.
Баршаңызды бүгінгі Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге жаңа жетістіктер, ізденіс, шығармашылық, мықты денсаулық және жаңа бастамаларда тек қана сәттілік тілеймін ,- деді.
Өз кезегінде мектеп директоры Мираш Спортқызы білім ордасының өткен оқу жылындағы жетістіктеріне тоқталып, мектеп ұжымы мен оқушыларының қол жеткізген нәтижелерін атап өтті.
– Құрметті ұстаздар, ардақты ата-аналар, қадірлі қонақтар, қымбатты оқушылар сіздердә жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы оқу жылында мектебімізде 361 оқушы білім алса, 67 педагог жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге өз үлестерін қоспақ.
Жаңа оқу жылында ұстаздар қатарымыз да жас мамандармен толықты. Атап айтқанда, физика пәні және бастауыш сынып бағыттарына жас мамандар келіп, мектебіміздің педагогикалық ұжымына жаңа серпін әкеліп отыр.
Өткен оқу жылында мектебіміз жақсы жетістіктермен қорытындыланды. 25 түлегіміз мектепті аяқтап, оның 19-ы мемлекеттік білім грантының иегері атанды. Бұл – шәкірттеріміздің білімге деген талпынысы мен ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің жемісі.
Ал бүгін сол білім ордасының табалдырығын 25 бүлдіршін алғаш рет аттағалы отыр.
Ендеше, жаңа оқу жылы білімге, ізденіске, адалдыққа және үлкен жетістіктерге толы жыл болсын!
Бірінші сынып оқушыларының алғашқы қадамы құтты болсын, - деді.
Шарада мектеп табалдырығын аттағалы тұрған 1 сынып оқушыларына Әліппе кітабы табысталып, сынып жетекшісі Арна Дауылбайқызы мен Абай Құрмет алғашқы қоңырау соғу рәсімін жүргізді.
Салтанатты жиыннан соң барлық сыныптарда тәрбие сағаттары оздырылды.
1 қыркүйек – Білім күніне орай «Қажым Жұмалиев атындағы Қаратөбе мектеп-гимназиясы» КММ-де "Қазақстан Республикасы Конституциясы: Адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі" тақырыбында салтанатты жиын өтті.