29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Бейбітшілік және қауіпсіздік құндылықтары» атты кездесу кеші өтті

29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Бейбітшілік және қауіпсіздік құндылықтары» атты кездесу кеші өтті

29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Бейбітшілік және қауіпсіздік құндылықтары» атты кездесу кеші өтті.
Тағылымды шараның негізгі мақсаты – Семей ядролық полигонының тарихын кеңінен насихаттау, ядролық сынақтардың зардабы туралы кейінгі ұрпаққа түсінік беру және бейбітшіліктің маңызын дәріптеу.
Кездесуге Семей ядролық полигонының жабылу кезеңін көзімен көрген, ел тарихындағы маңызды оқиғалардың куәсі болған азаматтар қатысты. Атап айтқанда, Сағат Бұртаевич, Әнуарбек Ғабдиевич, Тынышқали Мұзафарұлы, Батырбек Амантайұлы, Тоймырза Хайыржанұлы, Алтай Хайроллаұлы, Зұлхарнай Бекқожин кештің қадірлі қонақтары болды.
Шара барысында қонақтар Семей полигонының тарихы мен оның халыққа тигізген зардабы жөніндегі естеліктерімен бөлісіп, жастарға бейбітшіліктің қадірін түсінудің маңызын жеткізді.
Қаратөбе аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мәулен Аманшаұлы сөз сөйлеп, айтулы күннің тарихи маңызына тоқталды.
– 29 тамыз – еліміз үшін ерекше маңызы бар тарихи күн. Семей ядролық полигонының жабылуы – Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздікті басты құндылық ретінде таңдағанын көрсететін маңызды шешім. Полигонның зардабы халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Сондықтан бұл тақырыпты кейінгі ұрпаққа жеткізу – біздің ортақ міндетіміз.
Бүгінгі жас ұрпақ Семей полигонының тарихын біліп, ядролық қарудың адамзатқа қаншалықты қауіпті екенін түсінуі керек. Бейбіт өмірдің қадірін білу, ел тыныштығын бағалау – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Осындай тағылымды кездесулер арқылы тарихымызды ұлықтап, бейбітшіліктің маңызын насихаттаймыз, - деді Мәулен Аманшаұлы.
Сонымен қатар шара аясында «Семей полигоны: қасіреттен – бейбітшілікке» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмені оқу залы бөлімінің кітапханашысы Орынбаева Жеңісханым Халықбергенқызы таныстырды.
Кеш барысында Қ.Жұмалиев атындағы мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Қанат Мұратұлы «Семей полигоны: өткен тарих және бүгінгі тағылым» тақырыбында баяндама жасап, ядролық сынақтардың тарихи зардабы мен Қазақстанның бейбітшілік жолындағы бастамалары туралы кеңінен баяндады.
Тағылымды кездесу барысында қатысушылар Семей ядролық полигонының жабылуы – ел тарихындағы маңызды шешімдердің бірі екенін атап өтіп, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екенін жеткізді.