Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Қызылжар ауылында Қазақстандағы 256-шы «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымы ашылды.
Өрт сөндіру бекетінің ғимараты жергілікті әкімдік тарапынан салынды.
Жаңадан құрылған өрт сөндіру бекетінің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің балансынан «Урал» автокөлігі базасындағы АЦ-3-40 маркалы 1 бірлік өрт сөндіру автоцистернасы берілді.
Өрт сөндіру автокөлігі қажетті өртке қарсы техникалық құрал-жабдықтармен, жауынгерлік киім жиынтығымен, сондай-ақ жақын маңдағы өрт сөндіру бөлімімен үздіксіз байланыс орнатуға арналған стационарлық байланыс құралдарымен жабдықталған.
«Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеті Қызылжар, Ақшатау, Шөмішкөл, Ескітұра және Райым ауылдарында тұратын 1013 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы елді мекендердегі халықтың қауіпсіздік деңгейін арттыруға, өрттер мен басқа да төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және шалғай орналасқан ауыл тұрғындарына дер кезінде көмек көрсетуге мүмкіндік береді.