Қорғалжын ауылында ұлттық дәстүрлерді, шығармашылықты және өңір табиғатымен танысуды біріктіретін FLAMINGO FEST 2026 экологиялық-мәдени фестивалі өтеді.
Іс-шара 5 қыркүйек күні Қорғалжын ауылының орталық алаңында ұйымдастырылады. Фестивальдің басталуы сағат 10:00-ге жоспарланған.
Қонақтар үшін өлкенің табиғаты мен мәдениетіне арналған мазмұнды бағдарлама әзірленеді. Қатысушылар ұлттық дәстүрлермен танысып, шығармашылық қойылымдарды тамашалай алады, сондай-ақ көрме-жәрмеңкеге қатысып, жергілікті шеберлердің қолөнер бұйымдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болады.
Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – Қорғалжын көлдерінің ең танымал мекендеушілерінің бірі саналатын қызғылт қоқиқаздарды көру мүмкіндігі. Жыл сайын бұл өңірге осы ерекше құстардың ірі топтары ұшып келеді.
FLAMINGO FEST фестивалі өңірдің табиғи мұрасын мәдени іс-шаралармен ұштастыратын бірегей алаң ретінде ұйымдастырылуда. Ұйымдастырушылар Ақмола облысының тұрғындары мен қонақтарын табиғат аясында уақыт өткізуге, жергілікті мәдениетпен танысуға және қоқиқаздарды табиғи мекендеу ортасында тамашалауға шақырады.