Маңғыстау полициясы мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге үлес қосуда

Маңғыстау полициясы мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтуге үлес қосуда

Маңғыстауда «Мемлекеттік тіл – болашаққа бағдар» атты тіл фестивалі өтті. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру және мемлекеттік тілдің дамуына бағытталған өзекті мәселелерді талқылау.

Фестивальге мемлекеттік қызметшілер, мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіпкерлер, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары, студенттер және қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

Іс-шара барысында Маңғыстау облысы Полиция департаментінің өкілдері құқық қорғау саласындағы мемлекеттік тілдің қолданысы туралы баяндама жасап, нормативтік және қызметтік құжаттарды мемлекеттік тілде сауатты рәсімдеудің маңыздылығына тоқталды.

Маңғыстау облысы Полиция департаментінің шығыс құжаттары 100 пайыз мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қызметтік құжаттарды әзірлеу барысында тілдік сауаттылыққа, ресми-іскерлік стиль талаптарына және құқықтық терминдердің дұрыс қолданылуына ерекше мән беріледі.

Сонымен қатар полиция қызметіндегі мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер таныстырылды.

Дөңгелек үстел барысында қазақ тілінің ғылым, білім, құқық қорғау салаларындағы және цифрлық кеңістіктегі қолданысы талқыланды.

Жиынға қатысушылар мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін арттыру, кәсіби ортада қазақ тілін кеңінен қолдану және тіл мәдениетін дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Мемлекеттік тілдің құқық қорғау саласында кеңінен қолданылуы – сапалы қызмет көрсетудің және халықпен тиімді қарым-қатынастың маңызды кепілі.