Маңғыстау облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері жолда қиын жағдайға тап болған шетелдік азаматтарға дер кезінде көмек көрсетті.
Оқиға Ақтау–Жетібай автожолының 40-шақырымында болған. Патрульдік полиция қызметкерлері жол жиегінде тоқтап тұрған автокөлікті байқап, көмек қажет болуы мүмкін екенін ескеріп, көлік қасына тоқтаған.
Полиция капитандары Тұрлан Оразұлы мен Біржан Үсіпбаев көлік жүргізушісімен сөйлесу барысында жолаушылардың бірі – жасөспірім қыздың есінен танып қалғанын анықтаған.
Жағдайды бағалаған полицейлер уақыт жоғалтпай, жасөспірім мен оның анасын патрульдік автокөлікке отырғызып, Ақтау қаласына қарай жедел жолға шыққан. Сонымен қатар олар жедел жәрдем қызметкерлерімен байланысып, медициналық бригаданың жолдан қарсы алып шығуын сұраған.
Патрульдік полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында жасөспірім медициналық қызметкерлерге аман-есен табысталды. Кейін ол әрі қарай тексеру және медициналық көмек көрсету үшін облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.
https://www.instagram.com/reel/Dc3LF45sxfr/?utm_source=ig_web_copy_link&igsi=MzRlODBiNWFlZA==