Қазақстанда 257-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 257-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Жетісу облысы Сарқан ауданындағы Мұқан Төлебаев ауылында 257-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылуы өтті. Өрт сөндіру бекеті 963 тұрғыны бар Үлгілі, Шұбартүбек және Мұқан Төлебаев ауылдарын өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.

  Ашылу салтанатына Жетісу облысы ТЖД бастығының орынбасары Айдар Шәріпбай, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Байгунысов, гарнизон қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты. Бекетте тәулік бойы қызмет атқаруға қажетті жағдай жасалған. Нысан даярланған мамандармен және жедел ден қоюға қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілді. ТЖМ тарапынан өрт сөндіру автоцистернасы, байланыс құралдары мен арнайы киім берілді.

  Іс-шара барысында өрт сөндіру бекетін құруға және жабдықтауға, аудан елді мекендерінің өрт қауіпсіздігін күшейтуге елеулі үлес қосқан әкімдік өкілдері мен азаматтарға наградалар табысталды. Жетісу облысында өрт сөндіру бекеттерінің желісін дамыту жұмыстары жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен жалғасуда. Бірлескен жұмыс шалғайдағы ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.