ОҚУШЫЛАРҒА ИНТЕРНЕТ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЕСІРТКІНІҢ ЗИЯНЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

ОҚУШЫЛАРҒА ИНТЕРНЕТ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЕСІРТКІНІҢ ЗИЯНЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінің оқушыларымен профилактикалық кездесу өткізді.

Кездесудің негізгі мақсаты – жасөспірімдерге интернет кеңістігіндегі қауіптерден сақтану жолдарын түсіндіру және есірткі қылмыстарына әкелуі мүмкін әрекеттерден аулақ болуға шақыру.

Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция подполковнигі Ермаханов Нұртілек Тұрмаханұлы интернет алаяқтарының адамдарды алдау үшін қолданатын кең таралған тәсілдеріне тоқталды.

Оқушыларға әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасағанда сақ болу, күмәнді сілтемелерді ашпау және жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар «жоғары табыс», «оңай жұмыс», «жылдам ақша» ұсынатын күмәнді хабарламаларға сенбеу қажеттігі айтылды.

Ал Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ахмет Темірхан Асқатұлы жастардың есірткі қылмыстарына қалай тартылуы мүмкін екені және мұндай әрекеттердің құқықтық салдары жөнінде түсіндірді.

Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту қаупіне назар аударылды. Қылмыстық топтардың «жұмыс», «курьерлік қызмет», «жақсы табыс» деген сылтаумен жастарды өз мақсаттарына пайдалануы мүмкін екені түсіндірілді.