25 тамыздан бастап электрсамокат жүргізушілеріне қатысты жол қозғалысы талаптары күшейтілді.
Полиция азаматтарды жаңа талаптарды сақтауға шақырады.
Қолданыстағы талаптарға сәйкес, электрсамокатпен тротуарларда және жаяу жүргіншілер жолдарында жүруге тыйым салынады.
Велосипед жолы немесе велосипед жолағы болған жағдайда электрсамокат жүргізушілері қозғалысты тек сол инфрақұрылым арқылы жүзеге асыруы тиіс. Ал велосипед инфрақұрылымы болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге рұқсат етіледі.
Автомобиль жолының жүру бөлігінде электрсамокатты тек 18 жасқа толған, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар және қорғаныш шлемін пайдаланатын азаматтар ғана басқара алады.
Сонымен қатар электрсамокат жүргізушілеріне:
жолаушы тасымалдауға;
рөлді кемінде бір қолмен ұстамай басқаруға;
жаяу жүргіншілер өткелінен самокаттан түспей өтуге;
қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерсіз жүруге;
самокатты басқару кезінде ұялы телефон пайдалануға тыйым салынады.
Жаяу жүргіншілер өткелінен өткен кезде жүргізуші электрсамокаттан түсіп, оны жетектеп өтуі қажет.
Полиция жол қозғалысына қатысушыларды белгіленген талаптарды қатаң сақтауға және өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Жол қозғалысы қағидаларын бұзған электрсамокат жүргізушілері қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
https://www.instagram.com/reel/Dc0RBtqMc5A/?utm_source=ig_web_copy_link&igsi=MzRlODBiNWFlZA==