Қазақстанда екі жыл ішінде 54 жаңа кен орны ашылды

Қазақстанда екі жыл ішінде 54 жаңа кен орны ашылды

Қазақстанда екі жыл ішінде 54 жаңа кен орны ашылды

Қазақстан Үкіметі жер қойнауын геологиялық зерттеу жүйесін жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында белгіленген тапсырмаларды орындау бағыттарының бірі – геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, цифрлық құралдарды дамыту және минералдық-шикізат базасын ұтымды пайдалануға жағдай жасау. Бұл туралы Primeminister.kz хабарлайды.

1:50 000 масштабындағы 20 геологиялық түсірілім жобасы: геологиялық барлау зерттеулердің нақтылығын арттырады

Қазақстан аумағының геологиялық зерттелу деңгейін арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді. Жұмыстар 1:200 000 масштабында жүргізіліп, елдің минералдық-шикізат әлеуетінің тұтас көрінісін қалыптастыруға бағытталған.

Бүгінде Қазақстан аумағының осы масштабтағы геологиялық-геофизикалық зерттелу көлемі шамамен 2,04 млн км² құрайды. 2026 жылы бұл көрсеткішті 2,2 млн км²-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар сала 1:50 000 масштабындағы неғұрлым егжей-тегжейлі геологиялық түсірілімге көшуде. Биыл пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 жобаны іске асыру басталды. Осы жұмыстар аясында геологиялық зерттеулер жүргізілетін аумақтың жалпы көлемі 100 мың км² болады.

Зерттеулер алтын, мыс, полиметалдар, сирек және сирек жер металдары, литий, вольфрам және молибден кендерін анықтауға перспективалы аумақтарға шоғырланған. Жұмыстар барысында аэрогеофизикалық және геохимиялық әдістер, Жерді қашықтан зондтау деректері, сондай-ақ заманауи зертханалық талдау әдістері қолданылады.

Мұндай тәсіл жалпы карталаудан нақты перспективалы учаскелерді іздеуге басымдық беруге мүмкіндік береді. Мемлекет үшін бұл минералдық-шикізат әлеуетін дәлірек бағалауды білдірсе, инвесторлар үшін одан әрі зерттеу мен игеруге қызығушылық тудыруы мүмкін аумақтар туралы неғұрлым жүйеленген ақпарат алуға мүмкіндік береді.

10 мың кен орны және жаңа қорлар: геологиялық барлау минералдық-шикізат базасын кеңейтуде

Соңғы екі жылда жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде еліміздің минералдық-шикізат базасын кеңейту жалғасты.

2024 жылы мемлекеттік есепке алғаш рет 35 кен орны қойылды. Оның ішінде 23-і – қатты пайдалы қазбалар, 6-ы – көмірсутек шикізаты және 6-ы – жерасты сулары кен орындары.

2025 жылы мемлекеттік есепке 19 жаңа кен орны қойылды: 17-сі – қатты пайдалы қазбалар кен орны, біреуі – көмірсутек шикізаты және біреуі – жерасты суы кен орны.

Осылайша, 2024–2025 жылдары Қазақстанда мемлекеттік есепке барлығы 54 жаңа кен орны қойылды.