Қызылорда облысының Бас полицейі оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады

Қызылорда облысының Бас полицейі оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады

Бүгін елімізде жаңа оқу жылы басталды. Барлық білім ордалары білім алушыларға есіктерін айқара ашып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған кішкентай бүлдіршіндерді ықыласпен қарсы алуда.

Жаңа оқу жылының басталуы – әрбір оқушы, ата-ана және ұстаз үшін ерекше маңызды күн. Осы айтулы күні Полиция департаментінің бастығы Серғали Толыбеков атындағы № 3 IT мектеп – лицейіне арнайы барып, ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтады. Қуанышты сәтке ортақтасып, құттықтау лебізін білдірді.

Мектеп қабырғасында өткен салтанатты шараға мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналар қатысты. Жиында білім мен тәрбиенің қоғамдағы маңызы сөз болып, жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен олардың жан-жақты дамуына ерекше назар аударылды.

      

Полиция департаментінің бастығы өз сөзінде мектеп – баланың тұлға болып қалыптасатын, білім алып қана қоймай, өмірлік құндылықтарды меңгеретін маңызды орта екенін атап өтті. Ол оқушыларды жаңа оқу жылын жақсы мақсаттармен бастап, ұстаздарды құрметтеуге шақырды.

«Құрметті ұстаздар! Қымбатты оқушылар, ата - аналар!

Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Болашақта озық ойлы, өрелі азаматтардың қатарынан болатындарыңызға сенімдімін. Жас ұрпаққа сапалы білім мен өнегелі тәрбие беретін ұстаздардың қызметтеріне табыс тілеймін!» деді Департамент бастығы С.Ергешов.

Сонан соң облыстың Бас полицейі мектеп табалдырығын алғаш аттаған балаларға қауіпсіздіктің негізгі ережелерін жіті түсіндіріп, оларға «Полиция және балалар» тақырыбындағы бояу кітабын табыстады. Балалар қуана қабылдаған сыйлық шығармашылық қабілеттерін дамытуға және бос уақыттарын қызықты өткізуге мүмкіндік береді.