Талдықорғанда жаңа оқу жылында 36 мыңнан астам оқушы білім алады

Талдықорғанда жаңа оқу жылында 36 мыңнан астам оқушы білім алады

Бүгін Білім күніне орай Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатында өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысты.

Салтанатты жиында қала әкімі ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім ордасының жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ел болашағына салынған ең маңызды инвестиция екенін атап өтті.

- Білім еліміздің жарқын болашағының берік негізі. Бүгінгі оқушы ертең ел дамуына үлес қосатын білікті маман. Сондықтан балаларымыздың сапалы білім алып, қабілеттерін жан-жақты дамытуына барлық жағдайды жасау біздің басты міндеттеріміздің бірі. «Білім-Инновация» лицейінің шәкірттері республикалық және халықаралық білім додаларында жоғары нәтижелер көрсетіп, қаламыздың абыройын асқақтатып келеді. Осындай жетістіктердің артында ұстаздардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың қолдауы тұр. Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын! Ұстаздарға шығармашылық табыс, ал шәкірттерге білім жолында биік белестер мен толағай жетістіктер тілеймін, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

Жалпы, биыл Талдықорған қаласында 36 мыңнан астам оқушы жаңа оқу жылын бастады. Олардың 4 мыңға жуығы мектеп табалдырығын алғаш аттап, 1-сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндер.

Ал «Білім-Инновация» мамандандырылған лицей-интернатына биыл 72 оқушы қабылданды. Бүгінде білім ордасында 40 педагог еңбек етеді. Мұнда оқушылардың сапалы білім алуына, қабілеттерін жан-жақты дамытуына және түрлі білім додаларында жоғары нәтиже көрсетуіне қажетті жағдай жасалған.

Еске салсақ, өткен оқу жылында лицейді 47 түлек тәмамдады. Олардың 5-еуі «Алтын белгі», 9-ы «Үздік аттестат» иегері атанды. 34 түлек мемлекеттік білім грантын жеңіп алса, 8 оқушы Назарбаев Университетінің грантына ие болды. Лицей түлектері шетелдік жоғары оқу орындарына да оқуға түсті. Атап айтқанда, 2 түлек Малайзияда, 2 түлек Қытайда және 1 түлек Молдовада білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, лицейдің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта 300 орындық жаңа оқу корпусының құрылысы аяқталуға жақын. Нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр.