Ташкент, 2026 жылғы 21 тамыз – Қазақстан мен Өзбекстанның ведомствоаралық делегацияларының жұмыс кездесуі өтті. Кездесуге Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің, сондай-ақ екі елдің бейінді мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М. Ошурбаев және Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Г. Сергазин басшылық етті. Өзбекстан делегациясының құрамында «Узатом» агенттігінің директоры А. Ахмедхаджаев, Өзбекстан Республикасы Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеті төрағасының орынбасары И. Кутбиддинов, сондай-ақ басқа да бейінді мемлекеттік органдардың өкілдері болды.
Кездесу барысында тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық және радиациялық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ экологиялық және радиациялық ақпарат алмасу салаларындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады.
Трансшекаралық мониторинг жүргізу және атом энергетикасы нысандарының қоршаған ортаға әсерін бағалау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар аталған бағыттар бойынша практикалық өзара іс-қимылды жалғастыруға және ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін растады.
Сол күні Қазақстан Елшілігінде Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е. Тоғжановтың Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М. Ошурбаевпен және Қазақстан Республикасы Атом энергиясы агенттігі төрағасының орынбасары Г. Сергазинмен кездесуі өтті.
Кездесу барысында өңірде атом электр станцияларын салу жобаларын іске асыру аясында экологиялық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан-Өзбекстан өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды. Атом энергетикасы нысандарының қоршаған ортаға ықтимал трансшекаралық әсерін бағалау, экологиялық ақпарат алмасу, сондай-ақ екі елдің бейінді мемлекеттік органдарының іс-қимылын үйлестіру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның ұлттық атом энергетикасын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын, бұл қауіпсіздік мәселелері бойынша тығыз мемлекетаралық өзара іс-қимылдың маңызын объективті түрде арттыратынын атап өтті. Осыған байланысты ақпаратты алдын ала алмасу және екі мемлекеттің құзыретті ведомстволары арасында тұрақты консультациялар өткізу қажеттігі атап өтілді.