Құрметті ұстаздар мен ата-аналар, ардақты оқушылар мен студенттер!
Ақмола облыстық мәслихатының атынан және өз атымнан баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Білім беру - қоғам мен мемлекетті дамытудың, адами капиталды қалыптастырудың және елдің табысты болашағын қамтамасыз етудің негізі.
Бүгін Ақмола облысының 518 жалпы білім беретін мектебінде 141 мыңға жуық бала білім алуды бастайды. Олардың ішінде мектеп табалдырығын алғаш рет аттайтын шамамен 13 мың бала.
Әрбір баланың тұрғылықты жеріне қарамастан сапалы білім алуына қажетті жағдайлар жүйелі түрде жасалып жатыр. Білім беру инфрақұрылымы дамып, материалдық-техникалық база нығайтылып, заманауи технологиялар мен оқыту әдістемелері енгізілуде.
Қазіргі таңда 840 орынға арналған үш жаңа балабақша салынып жатыр. Жаңғырту бағдарламасы аясында 10 мектепке күрделі жөндеу жасалуда, оның бесеуі биыл пайдалануға беріледі. Ауылдық елді мекендердегі оқушылар үшін 20 жаңа мектеп автобусы сатып алынуда. Сонымен қатар, облыс мектептерін физика, химия, биология және STEM бағыттары бойынша 30 заманауи пәндік кабинетпен қамтамасыз етпек.
Бұның барлығы - Ақмола облысы мен Қазақстанның болашағына салынған инвестиция. Біз әрбір баланың сапалы білім алып, өз қабілетін ашып, туған өлкесі мен еліміздің дамуына өз үлесін қосуына жағдай жасауға міндеттіміз.
Құрметті ұстаздар!
Сіздердің еңбектеріңізді сандармен өлшеу мүмкін емес. Сіздер білім беріп қана қоймай, жас ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына жол ашып, олардың өз күшіне сенуіне көмектесесіздер.
Мамандыққа деген адалдықтарыңыз бен күнделікті еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге шығармашылық шабыт, кәсіби жетістік, зор денсаулық, отбасылық амандық және алғыс білдіретін шәкірттер тілеймін!
Қымбатты оқушылар мен студенттер!
Жаңа оқу жылы сіздерге жарқын жаңалықтар, қызықты білім, адал достар мен жаңа жетістіктер әкелсін! Сіздерге табандылық, еңбекқорлық, өз күштеріңізге деген сенім және білім жолындағы ең биік белестерді бағындыруға батылдық тілеймін!
Бейбіт Жүсіпов,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы