«Үздік педагог – 2026»: педагогтер арасындағы байқаудың кезеңдері басталды

«Үздік педагог – 2026»: педагогтер арасындағы байқаудың кезеңдері басталды
 
Педагогтердің кәсіби шеберлігін анықтауға және озық тәжірибесін насихаттауға бағытталған «Үздік педагог – 2026» республикалық конкурсын өткізу жұмыстары басталды.

Конкурстың мақсаты – білім беру саласындағы жоғары нәтижелерге қол жеткізген талантты педагогтерді анықтау, олардың кәсіби дамуы мен шығармашылық ізденістерін қолдау, педагог мәртебесін арттыру. Сонымен қатар, «Үздік педагог» конкурсы ұстаздарға кәсіби жетістіктерін, педагогикалық шеберлігін, тиімді тәжірибесі мен білім беру үдерісінде қолданатын заманауи тәсілдерін таныстыруға мүмкіндік береді.

Конкурс үш кезеңнен тұрады:
аудандық кезең – 27 тамыз бен 11 қыркүйек аралығы;
облыстық кезең – 14–21 қыркүйек аралығы;
республикалық кезең – 22 қыркүйек пен 15 қазан аралығы.

Одан кейін ұсынылған материалдарды Республикалық комиссия мүшелері қарайды.
Байқауға қатысу үшін қажетті құжаттар арнайы электрондық платформа арқылы қабылданады. Қатысушылар құжаттарын uzdikustaz-nobd.edu.kz сайты арқылы жүктей алады.