120 мыңнан астам көрермен және ата-анасымен қауышқан ондаған бала: Өскеменде Қала күні қауіпсіз өтті
Өскемен қаласында Қала күніне арналған ауқымды мерекелік шараларға облыс орталығының 120 мыңнан астам тұрғыны мен қонағы қатысты.
Мерекелік бағдарлама қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өткен жарқын концертпен, Ninety One тобы мен ресейлік «Краски» тобының өнер көрсетуімен, сондай-ақ әсерлі отшашумен есте қалды.
Адамдар көп жиналған мерекелік күндері құқық қорғау органдары үшін басты міндет қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды. Қала көшелерінде, алаңдарда және демалыс орындарында полиция қызметкерлері, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, құтқарушылар мен медицина қызметкерлері бірлесіп қызмет атқарды.
Қоғамдық тәртіп сақшыларына заманауи технологиялар да сенімді көмекші болды. Әуе кеңістігін бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары пайдаланылды. Дрондар мерекелік шаралар өткен аумақты үздіксіз әуеден бақылап, жағдайды нақты уақыт режимінде қадағалауға және кез келген өзгерістерге жедел әрекет етуге мүмкіндік берді.
Ең кішкентай қала тұрғындарының қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінді. Мерекелік шараларға жиналған қалың жұртшылық арасында 50-ден астам кәмелетке толмаған бала адасып, ата-анасынан уақытша көз жазып қалған.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында әрбір бала қысқа уақытта табылып, заңды өкілдеріне аман-есен тапсырылды.
Барлық қызметтердің нақты әрі үйлесімді жұмысының нәтижесінде Өскемендегі ауқымды мерекелік шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік күндерді тыныш әрі көтеріңкі көңіл күйде өткізді.
ШҚО ПД баспасөз қызметі