Қол – ауруханаішілік және жедел ішек инфекцияларының берілу факторы
Күн сайын әлемнің түкпір-түкпірінде мыңдаған адам медициналық көмек көрсету барысында жұғатын инфекциялармен бетпе-бет келеді.
Микроорганизмдердің берілуінің негізгі жолдарының бірі – қол арқылы берілу. Сондықтан қол гигиенасын сақтау инфекциялардың таралуын алдын алудың ең қарапайым әрі тиімді шараларының бірі болып табылады.
Көп жағдайда қоздырғыштар бір науқастан екіншісіне дәл медициналық қызметкерлердің қолы арқылы беріледі.
Медициналық қызметкерлер үшін инфицирленген науқастармен немесе қоршаған орта нысандарымен байланыс нәтижесінде қолға қонатын микроорганизмдер ерекше қауіпті. Бұл микроорганизмдер теріде сақталған уақыт ішінде науқасқа тікелей жанасу арқылы берілуі немесе инфекцияның әрі қарай таралуына ықпал ететін әртүрлі заттар мен қоршаған орта нысандарын ластауы мүмкін.
Медициналық қызметкерлердің қолын дұрыс жуу – ауруханаішілік инфекциялардың таралуын болдырмаудың ең қарапайым және сонымен қатар өте тиімді шараларының бірі.
Қолды өңдеудің үш деңгейі:
1.Тұрмыстық деңгей – қолды механикалық жолмен өңдеу.
Мысалы: дәретханадан кейін, төсек-орын жабдықтарын ауыстырғаннан кейін, бөлмені жинағаннан кейін, артериялық қан қысымын өлшегеннен кейін.
2.Гигиеналық деңгей – қолды тері антисептиктерін қолдану арқылы өңдеу.
Мысалы: көктамырішілік және бұлшықетішілік инъекциялар алдында және кейін, жараларды өңдеу сияқты медициналық манипуляцияларды орындау алдында және кейін.
3.Хирургиялық деңгей – қолды арнайы белгіленген реттілікпен өңдеу және одан кейін кез келген операциялық араласудың алдында стерильді хирургиялық қолғап кию.
Қол гигиенасының 5 негізгі сәті:
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір медицина қызметкері сақтауы тиіс қол гигиенасының 5 негізгі сәтін айқындайды:
- науқаспен байланысқа дейін;
- таза немесе асептикалық емшара алдында;
- биологиялық сұйықтықтармен жанасу қаупінен кейін;
- науқаспен байланыстан кейін;
- науқастың айналасындағы заттар мен қоршаған орта нысандарына жанасқаннан кейін.
Қолды жуу ережелерін сақтамау – ауруханаішілік инфекциялардың таралуының негізгі себептерінің бірі.
Инфекциялық аурулардың алдын алу саласындағы өзекті мәселелердің бірі – жедел ішек инфекцияларының (ЖІИ) таралуы. Жедел ішек инфекциялары қоздырғыштарының негізгі берілу механизмі – фекальді-оральді механизм. Бұл жағдайда ластанған қол инфекцияның берілу факторы болуы мүмкін.
Жедел ішек инфекцияларының алдын алудың негізгі шараларына санитариялық-эпидемияға қарсы режимді және қол гигиенасы ережелерін қатаң сақтау жатады.
Медициналық қызметкерлер науқаспен байланысқа дейін және одан кейін, сондай-ақ медициналық емшараларды орындағаннан кейін және ықтимал ластанған беткейлермен жанасқан соң қолдарын сабынмен мұқият жуып, тері антисептигімен өңдеуі қажет.
Қол гигиенасы ережелерін сақтау – жедел ішек инфекцияларының алдын алудың ең тиімді әрі қолжетімді тәсілдерінің бірі.
Қолыңызды үнемі және дұрыс жууды ұмытпаңыз! Деніңіз сау болсын!