Әлеуметтік комиссия отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ оларды отбасылық орналастыру нысандарын, оның ішінде кәсіби қабылдаушы отбасылар институтын дамыту мәселесіне арналды.
Білім басқармасының мәліметінше, Ақмола облысында 0-ден 17 жасқа дейінгі 220 мыңнан астам бала тұрады. Балалар арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің, аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алуға және отбасылық қолайсыздықты ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінеді.
2025–2026 оқу жылында мектептер мен колледждерде шамамен 180 мың профилактикалық іс-шара өткізілді. 2026 жылдың басынан бері Психологиялық қолдау орталығына балалардан 5 006 өтініш түскен, оның 13-і бойынша денсаулық сақтау ұйымдарының көмегі қажет болды. «111» байланыс орталығына 51 өтініш келіп түсті.
Әлеуметтік осал отбасыларды қолдау жұмыстары да жалғасуда. Балабақшаларда осындай отбасылардан шыққан 2,5 мыңнан астам бала тегін тамақпен қамтылған. Өткен оқу жылында 63 мыңға жуық оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілді.
Отырыста балаларды биологиялық отбасыларына қайтару мәселесіне де ерекше назар аударылды. Соңғы үш жылда 56 бала өз отбасыларына қайтарылды. Ал соңғы екі жылда қамқоршылық пен патронаттық тәрбиеден тағы 31 бала қайтарылды.
Ақмола облысы әкімінің әйелдер мен балалар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, облыстық мәслихат депутаты Құралай Джумабекова балалардың қолдау орталықтарына түсуінің үш негізгі себебін атап өтті. Олар – дайындалған баламалы отбасылардың жеткіліксіздігі, ағайынды балаларды бір отбасында сақтау қиындықтары және отбасылық қолайсыздықтың алдын алу жұмыстарының кеш жүргізілуі.
2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда балаларды отбасылық орналастырудың жаңа нысаны – кәсіби қабылдаушы отбасы енгізілді. Бұл қиын өмірлік жағдайға тап болған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды интернаттық ұйымдарға орналастырмай, бірден отбасылық ортаға қабылдауға мүмкіндік береді.
Облыстың бірінші кезектегі қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Құралай Джумабекова 2026–2027 жылдары 12 кәсіби қабылдаушы отбасын кезең-кезеңімен ашуды ұсынды. Биыл үш отбасын іске қосуға шамамен 4,2 млн теңге қажет. Алайда қазіргі уақытта тиісті бюджет бағдарламасы қарастырылмаған.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар уәкілетті мемлекеттік органдарға ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтіп, бұл мәселені жан-жақты зерделеуді ұсынды.
Отырыста мәслихат төрағасы Бейбіт Жүсіпов бюджеттен қаражат қанша балаға есептелетінін сұрады. Депутат Алтын Мұстафинова медикалық-әлеуметтік мекеме мен сәбилер үйінің жұмысын одан әрі жалғастырудың орындылығын атап өтіп, оларды жабу кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерге тоқталды. Өз ұстанымдарын бейінді мемлекеттік органдардың басшылары Ботакөз Дүйсенова мен Шолпан Рахматуллина білдірді.
Отырысты денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Диас Сайданғазин қорытындылады. Ол мәслихаттың жекелеген санаттағы азаматтарға тегін медициналық көмек пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді қосымша ұсыну туралы шешіміне өзгерістер енгізуді ұсынды.